Субеде
Субеде | ||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||||
| ||||||||||||||||
Екі-есімді атауы | ||||||||||||||||
Menyanthes trifoliata Карл Линней |
Субеде (лат. Menyanthes) – субеделер тұқымдасына жататын көп жылдық шөп тектес, монотипті батпақ өсімдігі.
Сипаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Биіктігі -15 – 35 см.
- Тамыры ұзын және жуан, ішінде ауа жүретін қуыстары бар. Тамырының сәл ғана көтерілген ұшына ұзын сағақты бірнеше ірі жапырақ өсіп шығады.
- Сабағы жапырақсыз, биіктігі 30 см-ге дейін жетеді. Оның ұшар басындағы гүлдері масақ тәрізденіп шоғырланып тұрады.
- Тамырдан өсіп шыққан жапырақтары теріс қаратып қойған жұмыртқа тәрізді, шеттері бүтін, үш-үштен қосақталған.
- Гүл тостағаншасы бес қалақшадан тұрады. Гүлі ақ, ақшыл-қызыл. Мамыр – шілде айларында гүлдейді.
- Шілде – тамызда жеміс салады. Шар тәрізді жемісінің ішінде көптеген тұқымдары болады.
Қазақстанда Тобыл-Есіл атырабында, Мұғалжарда, Зайсан, Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауының мүкті және ылғалды-батпақты жерлерінде өсетін 1 түрі – үшжапырақты субеде (М. trіfolіata) бар.
- Гүлдері – қызғылт реңді ақ түсті, олар тамырдан тікелей өсіп шығатын сабақшада шоғырланып, масақ құрайды. Маусым айының басында гүлдеп, көздің жауын алады.[1]
Емдік қасиеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Субеде жапырағының құрамында глюкозид-мениатин; сабағында – май, холин, шайыр, йодты заттар; тамырында – метионинглюкозиді, илік заттар болады. Халық медицинасында субедені туберкулезді, қызбаны, құрқұлақ, ішек ауруларын, безгекті емдеуге пайдаланады. Медицинада оны асқазан қышқылы азайғанда тәбет көтеретін және өт айдайтын дәрі ретінде қолданады.[2]
Қолданылуы.
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мал дәрігерлігі практикасында туберркулезге шалдыққан жас малды емдеуге, сондай – ақ азыққа деген тәбетін арттыруға, асқазан – ішек жұмысы мен тыныс алу органдарының қызметін жақсартуға қолданылады.
Сонымен қатар субеденің дәрілік шикізаты мал ішегіндегі түрлі гельминтті құрттарды түсіру үшін, сондай – ақ өт жүргізу үшін де қолданылады. Субеденің кептірілген жапырағы ірі қараға – 25 – 50 грамнан, жылқыға – 10 – 25 грамм, тауыққа – 0,2 – 1 грамнан беріледі. Дәрілік тұнба 1:10 қатынаста жасалып, малға күніне 2 -3 рет ішкізіледі. Ірі қараның өкпе туберкулезін емдеу үшінсубеде жапырағының, қызыл таспа шөбінің, сирень жапырағының, қара андыз тамырының әр қайсысы 30 грамнан алынып, араластырылады да, қайнап тұрған 1,5 литр суға салынып, 15 – 20 минут тұндырылады. Дайын тұнба тірілей салмағы 80 -100 кг бұзауға – 150 – 200 миллилитрден күніне 3 – 4 рет ішкізіледі.
Емдеу мерзімі – 7 – 10 тәулік. Одан кейін 10 күн үзіліс жасап, қайтадан емдейді.
Мал дәрігерлігі практикасында субеденің тұнбасымен мал денесіндегі жараларды жуып, тез жазылуына әсер етеді.
Шілде – тамыз айларында 3 – 4 айлық қозылардың мониезиоз ауруын ( гельминтті ) субеденің жапырағымен емдеуге болады.
Галерея
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Субеде — "Қайнар", 1988. — Б. 151-153. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.