[go: up one dir, main page]
More Web Proxy on the site http://driver.im/Мазмұнға өту

НАТО

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(NATO бетінен бағытталды)
Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы
North Atlantic Treaty Organisation (NATO) Organisation du traité de l'Atlantique nord (OTAN)

Мүшелік:

Үміткерлер:

Штаб-пәтер:

Брюссель

Ұйым түрі:

Әскери блок, үкіметаралық халықаралық ұйым, халықаралық ұйым

Басшылары
Бас хатшы

Нидерланд Марк Рютте

Әскери Комитеті төрағасы

Нидерланд Роб Бауэр

Еуропадағы Жоғарғы Қолбасшы

Германия Кристофер Жерар Каволи

Құрылуы
Құрылуы

4 сәуір 1949 жыл

Ресми сайт
Ортаққор логотипі НАТО Ортаққорда

Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы[1], НАТО (ағылш. North Atlantic Treaty Organization, NATO , фр. Organisation du traité de l'Atlantique nord, OTAN ) — 32 мемлекет-аралық әскери альянс, олардың 30 Еуропада және 2 Солтүстік Америкада орналасқан. НАТО - ұжымдық қауіпсіздік жүйе: оның тәуелсіз мүшелері бір-бірін сыртқы шабуылдан қорғауға келіседі.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, 1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет қол қойған Солтүстік Атлантикалық келісімшарты негізінде құрылған. Қырғи-қабақ соғысы уақытында, альянс мүшелерін Кеңес Одақтан келетін потенциалды қаупінен қорғаған. Кеңес Одағы ыдыраған соң, альянс жұмысын жалғасытырып, Балқан, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Африкадағы қақтығыстарға аралысқан.

1954 жылы Кеңес Одағы мүше болып кіруге сұранады, НАТО оған бас тартады.

НАТО-ның негізгі мақсаты шартқа қатысушы мемлекеттердің саяси ынтымақтастық және ұжымдық қорғаныс негізінде тәуелсіздікті, егемендікті және демократиялық құрылымды сыртқы агрессиядан қорғау екендігі 1946 жылғы Вашингтон шартында жазылған, бұл ұстаным 1990 жылғы Лондон декларациясында қуатталған. Альянстың іргелі мақсаттарының қатарында соғыстың алдын алу мен тиімді қорғанысты қамтамасыз етуге жеткілікті әскери мүмкіндіктерді нығайту, шарт мүшелерінің қауіпсіздігіне ықпал ететін дағдарыстарды еңсеру, басқа елдермен саяси үнқатысуды жолға қою және еуропалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жолдарын іздестіру аталады.

НАТО құрылымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

НАТО-ның жоғарғы саяси органын Солтүстік Атланталық Кеңес (НАТО Кеңесі) атқарады. Кеңес барлық мүше елдердің өкілдерінен (елші лауазымдары ретінде) құрылып, бас хатшының басқаруымен 2 жылда бір өз мәжілісін өткізеді. НАТО сыртқы істер министрлері және мемлекет пен үкімет басшылары деңгейінде де отырыстарын өткізіп тұрады, әйтсе де бұл отырыстары сыртқы істер министрлері отырысындағыдай ғана дәрежесі бар. Кеңес шешімдерді бірдауыстан қабылдайды. Сессиялар арасындағы уақытта Кеңес функцияларын блоктың барлық мүшелері елші ретінде жіберген өкілдерінен тұратын НАТО Тұрақты кеңесі атқарады.

Жоғарғы әскери-саяси органы қызметін 1966 жылдан бері жылына екі рет қорғаныс министрлер деңгейінде бас қосатын, бірақ тұрақты өкілдерінен тұратын Әскери жоспарлау Комитеті атқарады. Сессия-аралық уақытта бұл комитет қызметін барлық мүше елдер елші дәрежесіндегі өкілдерінен тұратын Тұрақты әскери жоспарлау комитеті атқарады.

НАТО-ның жоғарғы әскери органы — Әскери комитеті. Жылына кем дегенде екі дүркін жиналып тұратын бұл Комитет мүше елдер бас штаб басшылары мен қарулы күштері жоқ Исландияның азаматтық өкілінен тұрады. Әскери комитет өзіне бағынышты екі аймақты қамтиды: Еуропа мен Атлантика. Еуропадағы жоғарғы басшылықты жоғарғы қолбасшы (әрқашан – американдық генерал) басқарады. Оның қол астына үш ұрыс алаңы басшылығы кіреді: Солтүстікеуропалық, Орталықеуропалық және Оңтүстікеуропалық. Сессияаралық уақыттта бұл комитет қызметін Тұрақты әскери комитет атқарады.

НАТО негізгі органдарына әдетте жылына екі рет қорғаныс министрлері деңгейінде көбінше НАТО Кеңесі мәжілісі болар алдында жиналатын Ядролық жоспарлау тобы да кіреді, Исландияның өкілі болып бұл топта азаматтық байқаушы қатысады.

НАТО ресми тілдері ретінде ағылшын мен француз тілдері пайдаланылады.

Ұйымның штаб-пәтері Брюсселде (Бельгия) орналасқан.

НАТО мүшелері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Қосылу күні Мемлекет атауы Ұлғаю кезеңдері Ескертулер
4 сәуір 1949 жыл  Бельгия Негізін қалаушы елдер
 Канада
 Дания
 Франция Франция 1966 жылы тәуелсіз қорғаныс жүйесін құру үшін біріккен әскери қолбасшылықтан шықты, бірақ 2009 жылдың 4 шілдесінде толық мүшелікке оралды.
 Исландия Исландия, өзінің тұрақты әскері жоқ Ұйымның жалғыз мүшесі, ол ұйымға бұл мемлекеттен ештеңе күтпеу шартымен қосылды. Алайда оның Атлантикадағы стратегиялық географиялық орны оны баға жетпес мүшеге айналдырды. Елдің жағалау күзеті бар және жақында Норвегияда дайындалған әскерлерді НАТО-ның бітімгершілік операцияларына берді.
 Италия
 Люксембург
 Нидерланд
 Норвегия
 Португалия
 Ұлыбритания
 АҚШ
18 ақпан 1952 жыл  Грекия Бірінші кезең Грекия өз әскерлерін 1974 жылдан 1980 жылға дейін НАТО әскери қолбасшылығының құрылымынан 1974 жылы Кипрге түрік шапқыншылығына байланысты пайда болған грек-түрік шиеленісінің нәтижесінде шығарды.
 Түркия
9 мамыр 1955 жыл  Германия Екінші кезең Батыс Германия Қосылды. Саар 1957 жылы ГФР — мен, 1990 жылдың 3 қазанынан бастап Біріккен Германиямен қайта қауышты.
30 мамыр 1982 жыл  Испания Үшінші кезең
12 наурыз 1999 жыл  Чехия Төртінші кезең 1955-1991 жылдары Чехословакия құрамындағы бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Мажарстан 1955-1991 жж. Қарсылас Варшава Шарты ұйымының мүшесі.
 Польша 1955-1991 жж. Қарсылас Варшава Шарты ұйымының мүшесі.
29 наурыз 2004 жыл  Болгария Бесінші кезең 1955-1991 жылдардағы бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Эстония 1955-1991 жылдары Кеңес Одағының құрамында бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Латвия 1955-1991 жылдары Кеңес Одағының құрамында бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Литва 1955-1991 жылдары Кеңес Одағының құрамында бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Румыния 1955-1991 жж. Қарсылас Варшава Шарты ұйымының мүшесі.
 Словакия 1955-1991 жылдары Чехословакия құрамындағы бәсекелес Варшава келісімінің мүшесі.
 Словения Бұрын Югославияның бөлігі 1945-1991 (қосылмау қозғалысы)
1 сәуір 2009 жыл  Албания Алтыншы кезең 1955-1968 жж. қарсылас Варшава Шарты ұйымының мүшесі.
 Хорватия Бұрын Югославияның бөлігі 1945-1991 (қосылмау қозғалысы)
5 шілде 2017 жыл Черногория Черногория Жетінші кезең Бұрын Югославияның бөлігі 1945-1991 (қосылмау қозғалысы)
27 наурыз 2020 жыл  Солтүстік Македония Сегізінші кезең Бұрын Югославияның бөлігі 1945-1991 (қосылмау қозғалысы)
4 сәуір 2023 жыл  Финляндия Тоғызыншы кезең
7 наурыз 2024 жыл  Швеция Оныншы кезең

Бейбітшілік үшін әріптестік

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

НАТО осы ұйымға кіруге ұмтылатын немесе осы ұйым саясатын қолдайтын бірқатар еуропалық мемлекеттермен “Бейбітшілік үшін әріптестік ” деп аталатын келісімге қол қояды. Бұл бағдарлама мүшелері: Аустрия, Әзірбайжан, Армения, Босния және Герцоговина, Грузия, Ирландия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Швейцария, Швеция.

НАТО және Қазақстан

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан Республикасы және НАТО арасындағы ынтымақтастық 1992 жылы біздің елімізге 1997 жылы Еуроатлантикалық әріптестік кеңесіне (ЕАӘК) болып қайта құрған, Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне кіруімізден басталады. ЕАӘК Қазақстанға НАТО-ға қатысушы мемлекеттерімен және еуразиялық әріптестік мемлекеттерімен халықаралық қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелері жөніндегі нәтижелі сұхбатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының ЕАӘК-ның жыл сайынғы Сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің кеңесіне қатысуы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Саяси сұхбатты және әскери ынтымақтастықты терендету мақсатында 1994 жылы 27 маусымда Қазақстан «Бейбітшілік үшін әріптестік» (БҮӘ) атты бағдарламасына қосылған болатын.

1994 жылдың қаңтар айында қауіпсіздікті және тұрақтылықты нығайту, НАТО және әрбір қатысушы мемлекеттердің арасындағы нақты әріптестікке қол жеткізуді мақсат ететін НАТО ұсынған «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы кең ауқымды бастамашылық болып табылады. Бұл бағдарлама өте маңызды және қазіргі қауіпсіздікті құрудың ажырамас бөлігі болды.

Қазақстанның ынтымақтастығы БҮӘ бағдарламасының шеңберінде НАТО-мен ықпалдастықтың кең көлемін қамтиды, оған сондай-ақ азаматтық төтенше жоспарлау, дағдарысқа қарсы реттеушілік, қарулы күштерге және қорғаныс құрылымдарына демократиялық бақылау жасау, қорғаныс саясаты және стратегиясы, әскери оқулар және әскери білім және т.б. енеді.

Сұхбаттың тереңдеуіне екі жақты байланыстардың жоғары даму үрдісі куә. 2003 – 2004 жылдары НАТО Бас хатшысының көмекшілері Г.Альтенбург және Ж.Фурне, Директораттардың басшылары Я.Сконежка және Ф.Боланд, НАТО-ның Халықаралық әскери штабы басшысының көмекшісі, генерал-майор Ф.Яниз, сондай-ақ бейтарап сарапшы топтары Қазақстанға сапар жасаған болатын. 2005 жылдың наурыз және қазан айларында, 2006 жылдың шілде және қыркүйек айларында, 2007 жылдың ақпан, мамыр және қазан айларында, 2008 жылдың сәуір айында НАТО Бас хатшысының Орта Азиядағы және Кавказдағы Арнайы өкілі Р.Симмонстың ресми сапарлары болды. 2008 жылдың 9-12 маусымда НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының (НАТО ПА) Президенті Ж.Лелло Қазақстанға алғашқы ресми сапары болды. 2008 жылғы 11 қыркүйекте ҚР Қорғаныс министрі Д.Ахметовтың шақыруымен НАТО Бас хатшысының орынбасары Клаудио Бисоньероның Қазақстанға алғашқы сапары өтті. 2008 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Д.Әхметов басқарған қазақстан делегациясы Бухарестте өткен НАТО/СЕАП саммитіне қатысты. 2008 жылғы шілде айында Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Солтүстік Атлантикалық Кеңес келесі СЕАП Қауіпсіздік форумын (Сыртқы істер министрлер деңгейіндегі бейресми кездесу) Қазақстанда 2009 жылғы 24-25 маусым кезеңінде өткізу туралы шешім қабылдады. Қауіпсіздік форумы Саммиттен кейінгі НАТО-ның ең үлкен іс-шарасы.

2004 жылдың қазан айында Алматы қаласында және 2006 жылдың желтоқсан айында Брюссель қаласында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффермен болған кездесулері барысында күш-жігерді біріктіру және терроризммен, экстремизммен, есірткенің заңсыз айналымымен, сондай-ақ қару-жарақ контрабандасына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты орнату жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс 2006 жылғы 31 қаңтарда қабылданған Қазақстан және НАТО арасындағы Әріптестік іс-қимылы жөніндегі жеке жоспардың (ӘІЖЖ) шеңберінде іске асырылады.

ӘІЖЖ-нің қабылдануы Қазақстанның НАТО-мен өзара қарым-қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығарады және Солтүстік Атлантикалық Альянсімен халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелері жөнінде жан жақты сұхбатты тереңдетуді жәрдемдесуге бағытталған.

2006 жылы ӘІЖЖ жүзеге асыру аясында Қазақстан мен НАТО сарапшыларының жүмыс кездесулері болып өтті.

Альянспен сұхбатты нығайту үдерісіндегі маңызды оқиға Қазақтан Республикасы Парламентінің НАТО-ның Парламенттік Ассамблеясындағы (НАТО ПА) бақылаушы мәртебесін алуы болып табылады. Тиісті шешімді ҚР Парламентінің қос палатасының төрағалары жасаған өтініштерінен кейін 2004 жылғы 15 қарашада Парламенттік Ассамблеясының Тұрақты комитеті мәжілісінде қабылдаған болатын.

2008 жылғы 12-13 қараша кезеңінде Қазақстан Республикасының делегациясы Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевтың басшылығымен Валенсия қаласында (Испания) өткен НАТО Парламенттік Ассамблеясы сессиясының жалпы отырысына қатысты. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның ғаламдық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне және НАТО-мен қарым-қатынасына көзқарасы туралы мәлімдеме жасады.

2008 жылғы 7-11 сәуір кезеңінде Астана және Алматы қалаларында екінші «НАТО мен Қазақстан әріптестігі аптасы» өтті. Оның шеңберінде ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының негізінде НАТО-ның депозитардық кітапханасын ашылуы болды.

Қазақстан НАТО-ның Білім жөніндегі комитетінің барлық шағын бағдарламаларына қатысады. Бірлескен жобалар, ең әуелі, Семейдің, Арал теңізінің, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне бағытталған.

«Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасының шеңберінде төтенше азаматтық жоспарлаудың саласындағы ынтымақтастық дамуда. НАТО-ның әріптестері мен қатысушылары мамандандырылған құрылымдарының төтенше жағдайларды алдын алу және жоюдың ұлттық жүйесін жетілдіру, өртпен күресу, техногендік және табиғи апаттардың салдарын жою, азаматтық қорғаныс, босқындармен жұмыс істеу саласындағы тәжірибелері ерекше қызығушылық тудырады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3