Бригада
Көрініс
Бригада (итал. brіgata — қауым, отряд) —
- Әскери істе — Қарулы Күштердегі әскери, теңіз және әуе ұрыстарын, жауынгерлік дайындық қимылдарды үйлестіре жүргізуді қамтамасыз ететін әскери-тактикалық бірлестік. Бригада — жауынгерлік құрамы жөнінен полктен көлемді, дивизиядан шағын құрама. Құрлықтағы әскерлерде Бригада бірнеше батальондардан(ішінара полктардан), дивизиондардан, арнаулы әскери бөлімшелерден; әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде — дивизиондардан (батальондардан); Әскери-теңіз флотында — бір кластағы кемелер мен кеме дивизиондарынан; арнаулы әскерлерде — батальондардан құралады. Бригадалар дивизиялар құрамына енеді немесе әскери бірлестіктердің жеке бөлімдері болып есептеледі. Бригада 16 ғасырдың 2-жартысында испандықтар әскерінде пайда болған. 17 ғасырдың 2-жартысында бұл барлық елдерде дерлік жаяу әскердің де, атты әскердің де негізгі тактикалық құрылымы болып қалыптасты. Бригадалық жүйе 1799 — 1815 жылдары наполеондық соғыстар ықпалымен уақытша ұйымнан тұрақты құрылымға айналды және оның қуаты күшті әрі басқаруға ыңғайлы, маневр жасауға оңтайлы екендігі тәжірибе жүзінде дәлелденді. Ұлы Отан соғысы жылдарында бірнеше отрядтардан тұратын 3 — 4 мың адамдық (кейде одан да көп) партизан құрамалары да Бригада деп аталды. Қазіргі кезде Бригада құрамында моторлы техникамен қамтамасыз етілген 2 — 5 батальон, өздігінен жүретін 155 мм-лік гаубицалардың 1 — 2 дивизионы, барлау және саперлік роталар, зениттік қондырғылы батареялар, жабдықтау және транспорт батальоны бар. Олар құрылымдық жағынан: моторлы техникалы жаяу әскер, танк (бронетанк), әуе-десант, атты, шаңғылы, танкіге қарсы, тік ұшақ, теңіз атқыштары, арнаулы инженерлік бағыттағы, инж.-саперлік, понтонды-көпір, шабуылдық инженерлік-саперлік, артиллериясы (гаубицалы, зеңбіректі, минометті, зенитті, реактивті), т.б. Бригадалар болып бөлінеді. Көптеген елдердің Әскери әуе күштерінде, Әскери-теңіз флоты авиацияларында жойғыш ұшақтар, бомбалаушы, жеңіл бомбалаушы, ауыр бомбалаушы, жақыннан бомбалаушы ұшақтар, шабуылдық, т.б. Бригадалар бар. Кеңестік Әскери әуе күштерінде мұндай Бригадалар 1927 жылдан бастап жасақталды. 1940 жылы Әскери әуе күштерінің дивизиялық құрылымға көшуіне байланысты таратылды. Әскери-теңіз флоты авиациясында Бригадалық құрылым Ұлы Отан соғысының ақырына дейін сақталды. Авиациялық Бригадалар қазір ұйымдық құрылым ретінде АҚШ-тың құрлық әскерлері авиациясында ғана сақталған. Онда әр Бригадада 120 — 132 тікұшақтан (вертолет) болады. Көптеген арнаулы әскер құрамаларында байланыс әскерінің, инженерлік әскердің, химиялық әскердің Бригадалары, т.б. бар. Әскери күштер тылы құрамында материалдық қамтамасыз ету, автомобиль, әр түрлі жүйелер жүргізу, коменданттық-жол құрылысы және көпір салу Бригадалары болады. Қазақстанның Қарулы Күштерінде Бригадалық ұйымға көшу 1997 жылы басталды. Мотоатқыштар (танкілік, десантты-шабуылдық) Бригадасына бірнеше мотоатқыштар батальондары, арнаулы әскери бөлімдер, жауынгерлік қамтамасыз ету және қызмет көрсету бөлімшелері енеді;[1]
- Экономикада — ұжымдық еңбекті бөлісіп істеу негізінде өндірістің бір саласында өнімнің бір не бірнеше түрін өндіретін адамдар тобы. Шаруашылықтың саласына және өндіретін өнімнің түріне байланысты кешенді Бригада, трактор Бригадасы, т.б. түрлерге бөлінеді. Бригада еңбекті ұйымдастырудың бір түрі ретінде КСРО экономикасында кең қолданылды. Қазақстан нарықтық экономикаға көшкеннен кейін бірте-бірте өз мәнін жоғалта бастады. Әйтсе де құрылыс, ауыл шаруашылық салаларында еңбекті ұйымдастырудың Бригадалық формасы ішінара нарықтық экономикаға оңтайландырыла пайдаланылып жүр.[1]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Алғаш рет тактикалық бірлік ретінде бригаданы швед патшасы Густав Адольф Отыз жылдық соғыстың кезінде қолдана бастаған.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |